Жамбыл қаржы полициясы 1 млрд.теңгеден астам залал келтірген қылмыстық топты әшкереледі
Топтың мүшелері 2010-2013 жылдар аралығында белгісіз тұлғаларға 10-нан астам жалған кәсіпорын тіркеп, коммерциялық ұйымдарға салық төлеуден жалтару және ақша қаражаттарын қолма-қол ақшаға айналдыру қызметтерін көрсетумен айналысқан. Осылайша мемлекетке 1 млрд.теңгеден астам залал келтірген. Бұл жайында ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Ведомствоның атап өтуінше, бұдан бөлек қылмыстық топтың басшысы Біләл қылмыстық әрекеттерін жасыру мақсатында қарамағындағы сыбайласын өлтіруге осы топтың бұрын сотталған басқа 2 қатысушысына тапсырыс берген деп те айыпталуда.
Сонымен, 2012 жылғы желтоқсанда ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі және топтың жалған кәсіпорындарының бірінің директоры болған В.Кошкинцевтың өртеп жіберілген мәйіті табылған. Бұл қылмыстарды тергеу және ашу үшін Жамбыл облысының қаржы полициясы мен ішкі істер органдарының тергеушілері мен жедел қызметкерлерінен тұратын ведомствоаралық тергеу-жедел тобы құрылды.
Қазіргі уақытта ұйымдасқан қылмыстық топ басшысы Біләл мен адам өлтірді деп айыпталып отырған оның сыбайластары қамауға алынды. Топтың басқа мүшелеріне қатысты ешқайда шықпау туралы бұлтартпау шарасы тағайындалды. Қылмыстық істер тергелуде, өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.