Жамбыл локомотив депосының өкілі Н.Нұрсейітов Қазақстанның үздік машинист-нұсқаушысы атанды

АСТАНА. 1 наурыз. ҚазАқпарат /Мұратбек Мақұлбеков/ - «Локомотив» акционерлік қоғамы өткізген «Жылдың үздік машинист-нұсқаушысы» конкурсының қорытындысы бойынша Жамбыл локомотив депосының машинист-нұсқаушысы Нұрболат Нұрсейітов үздік деп танылды.

Бұл туралы компанияның баспасөз қызметінен хабарлады.

Ал екінші орынды Алматы локомотив депосының өкілі Дмитрий Зинченко, үшінші орынды Жем локомотив депосының машинист-нұсқаушысы Рахметжан Байтанатов иеленді.

Жеңімпаздарға дипломдар табыс етілді. Сондай-ақ, бірінші орын алған Нұрболат Нұрсейітовтің жалақысына жыл бойына 15 пайыз көлемінде қосымша дербес үстеме тағайындалды.

Конкурстың мақсаты - үздік машинист-нұсқаушыларды анықтау, кәсіби шеберлікті жетілдіру, осынау кәсіпті насихаттау және командалық-нұсқаушылық құрамның жұмыс тиімділігін арттыру және сапа менеджментінің ықпалдасқан жүйесін енгізу аясында басқаруды жақсарту болды.