Жамбыл мектебінде «Даналық әліппесі» атты кездесу өтті

АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясында «Даналық әліппесі» атты кеш өтті.

Ұстаздар мен шәкірттер алдында Парламент Сенаты аппаратының жауапты қызметкері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Мырзакелді Кемел өз ойын ортаға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Парламент Мәжілісінің бірнеше шақырылымының депутаты болған Мырзакелді Кемел өзінің жазған кітаптары мен аудармалары туралы әсерлі әңгіме айтып берді. М. Кемел шәкірттерге Ғабиден Мұстафиннің «Болашақ ұрпаққа хат» деген шағын еңбегіндегі «Сіздер базарға енді келе жатқан адамсыңдар, біз базардан қайтып келе жатқан адамбыз» деген ойын айтып, адам өмірден өз орнын тауып, уақытты босқа өткізбеу, әрбір сәт пен сағаттың қадірін білу жөнінде сыр шертті. Білім ордаларында мемлекетшілдік, патриоттық тәрбиеге баса көңіл бөлінгені абзал. М.Кемел жас шәкірттің бүгінгі болжаған қиялы ертең арманға, арғы күні мақсатқа айналып, одан кейінгі күні нақты нәтижеге жететіндей болып өзін-өзі шыңдай білуі керектігін айтты. Мектеп директоры Гамиль Шаймердинов Мырзакелді Кемелұлына шығармашылық табыс тіледі.