Жолдауды талқылауға саяси партиялардың, бизнес-қауымдастықтар мен зиялы қауым, кәсіподақ ұйымдары мен екінші деңгейлі банктердің өкілдері қатысты.
Жиынға қатысушылар шағын және орта бизнесті қолдау, коммуналдық меншік нысандарын жекешелендіру, экология, "жасыл" экономика, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, мәслихаттардың, Қоғамдық кеңестің жұмысы,
көппартиялық жүйені одан әрі дамыту, халықтың өз зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануы, жеке тұрғын үй құрылысын дамыту, "5-10-25", "Нұрлы жер"
бағдарламаларын іске асыру, балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мәселелерін талқылады.
Облыстың Қоғамдық кеңесінің төрағасы Әмзебек Жолшыбеков, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков, кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Мұқаш Ескендіров, «Ауыл» ХДПП филиалының төрағасы Ерболат Саурықов, "Жастар-зерттеу" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Парида Мамедова Жолдауда жүктелген міндеттерді жүзеге асыру жолдары туралы ойларын ортаға салды.
«Президент коронавируспен күрес шараларына айрықша назар аударды.
Босаңсуға әлі ерте. Коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы тұру мәселелері ерекше бақылауда болуы керек. Облысымызда төсек-орын санын көбейту жұмыстары жүргізілуде, дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтар қоры қалыптасуда. Жақында ғана ашылған орталықта коронавируспен ауырған тұрғындар оңалту курсынан өтіп жатыр. Біз жамбылдықтардың сапалы медициналық қызмет алуы үшін барымызды салып жатырмыз», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының ел дамуының ең өзекті проблемаларын атап өтіп, оларды шешу жолдарын көрсетіп, стратегиялық басымдықтарды айқындағанын баса айтты.
«Жолдауды негізге ала отырып, біз облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарын айқындаймыз.
Негізгі басымдық - жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және азаматтарымыздың
әл-ауқатын арттыру», - деді облыс әкімі.
Біріншіден, мемлекеттік басқару, кадр саясаты, шешімдер қабылдау жүйесі және оларды орындаудағы жауапкершілік тәсілдері өзгереді.
Аймақ басшысы өз сөзінде жаңа жағдайдағы экономикалық даму, импортты азайту және Жамбыл кәсіпорындарының экспорттық әлеуетін дамыту маңыздылығына айрықша тоқталды.
«Еліміздің жаңа экономикалық бағыты ел Президенті атап көрсеткен жеті негізгі қағидатқа негізделуі керек. Біздің өндірістік әлеуетімізді толығымен пайдалану тапсырылды. Өңдеу өнеркәсібіндегі түсті металлургия, машина жасау, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу, құрылыс материалдары мен тамақ өндірісі секілді жаңа бағыттарды зерделеу қажет. Біздің облыста бұл бағыттардағы жобаларды зерделеуге және жүзеге асыруға барлық жағдайлар жасалған. Тиісті тапсырма менің орынбасарларыма және салалық басқарма басшыларына жүктеледі», - деді облыс әкімі.
Өңір басшысы қазіргі таңдағы цифрландыруға қатысты мәселелерді жою, барлық азаматтардың интернетке қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстардың күтіп тұрғандығына тоқталды. Бүгінде қашықтан оқытуға байланысты цифрландыру мәселелері де өзекті болып отыр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біздің облыста әлеуметтік осал отбасылардың балаларын компьютерлік жабдықтармен және жоғары сапалы интернетпен қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылданды», - деді Бердібек Сапарбаев.