Оқиға осыдан 1 жыл 3 ай бұрын болған. Жолдыбай әулетінің 42 жастағы азаматы, төрт баланың әкесі Серік Жорабеков суықтаған құлағын көрсету үшін жары Ғалия Рахметілдаевамен бірге аталған орталыққа барады. Науқасты Ерлан Садуов есімді лор дәрігері қабылдайды.
Барлық тексерістен өткен соң, науқастың әйелі жазып берген дәріні алып келеді.
«Біз дәрігерге бұл дәріні егуге болмайды, аллергия береді» деп бірнеше рет айттық. Бірақ дәрігер сөзімізге құлақ аспады. «Мұндайдың талайын көргенбіз» деді. Содан күйеуім ішке кіріп кетті де, мен сыртта күтіп тұрдым. Арада 20 минуттай уақыт өтті. Мен «Неге кешігіп жатыр?» деп есіктен кіргенімде, жерде сұлап жатқан күйеуімді көрдім. Дәрігер бөлме кезіп жүр. Тіпті ауаны кеңейтіп, терезе де ашпапты. Жедел жәрдем де шақырмаған.
Шұғыл күйеуімнің бауырларына қоңырау шалдым. Жедел жәрдемді өзіміз шақырдық. Ал әлгі дәрігер ес жиғызу үшін тек нашатыр спиртін иіскеткен. Неге сол мезет жедел жәрдем шақырып, дабыл қақпағанын түсінбеймін», – дейді марқұмның жары Ғалия.
Серіктің әпкелері де науқасқа жанашырлық танытып, дер кезінде жедел жәрдем шақырмаған дәрігердің ісіне қапалы.
«Дәрігер «Сынама екпе салдық» дейді. Сынама салғаннан адам өліп кетуі мүмкін бе? «Аллергиям бар еді» деген інімнің сөзіне дәрігер неге құлақ аспады? Неге алдымен тамызатын, ішетін дәрі бермеді? Түсініксіз. Енді міне, атпалдай азаматымызды жоғалтып отырмыз. Келініміз төрт баласымен жалдамалы үйде тұрады.
Ол дәрігер әлі қызмет етіп жүр. Бірақ, бір жылдан аса уақыттан бері тым болмаса бір рет келіп, төрт перзенттің жағдайын сұрамады» – дейді марқұмның әпкесі Шыңғыскүл Жорабекова.
Біз Серік Жолдыбайұлын тексерген дәрігер Ерлан Садуовпен тілдесіп, мән-жайды білу мақсатында диагностикалық орталыққа бас сұқтық. Алайда, дәрігер бірден тілдесуден бас тартып: «Басшыммен сөйлесіп келіңіздер» деген соң, диагностикалық орталықтың бас дәрігері Ажаркүл Искаковаға жолықтық.
«Бұл істің әлі қорытындысы шыққан жоқ. Тиісті құзырлы орын қызметкерлері экспертиза жүргізіп жатыр. Барлығы соның қорытындысынан соң белгілі болады. Сондықтан қорытындысы шықпаған іске ештеңе айта алмаймын», – деді ол.
Мәселенің ақ-қарасын білу мақсатында Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне де хабарластық. Басқарманың баспасөз хатшысы Толқын Өмірбаеваның айтуынша, «Садыхан» мекемесі жекеменшік орталық болғандықтан, оның жұмысына денсаулық сақтау басқармасы өздігінен тексеріс жұмыстарын жүргізе алмайды. Ол үшін жапа шегуші тарап басқарма басшысының атына арыз жазып берулері тиіс. Тек арыз түскен жағдайда ғана басқарма зерделеу жұмыстарын жүргізіп, құзырлы орындарға мекемені лицензиясынан айыру туралы ұсыныс бере алады.
Отбасы мүшелеренің айтуы бойынша, бір жылдан асса да, іс әлі сотқа жетпеген, тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Осы орайда біз заңгер Ерлан Сатыбалдиевтің де пікірін білген едік.
«Бұл істе алдымен сот-медициналық сараптамасының қорытындысы қажет. Сонда ғана ол адам неден қайтыс болғаны нақты белгілі болады. Мұнымен қоса, облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің қызметтік тексерісінің нәтижесі керек», – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін біз Жамбыл облысында екі жылда 30 жаңа медициналық нысан салынады деп хабарлаған болатынбыз.