Жамбыл облысы емдеу мекемелеріне жаңа жедел жәрдем көліктері тапсырылды
Бұл жолғы көмек «Самұрық-Қазына» АҚ мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандум аясында көрсетіліп отыр. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы қайырымдылығының бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Trust»
Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қажетті жабдықтарды сатып алып, оларды өңірлерге жіберуде.
Осы орайда Жамбыл облысына 3 ӨЖЖ, 5 оттегі концентраторы, 50 пульсоксиметр жеткізілді.
Сондай-ақ, облысқа Shevrolet Damas маркалы 8 жедел жәрдем көлігі берілді.
«Жамбыл облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасы медициналық препараттар мен дәрі-дәрмектерді, оттегі концентраттарын, ӨЖЖ аппараттарын және коронавирус індетімен күресуге арналған басқа да құрылғыларды сатып алуға көмектескені үшін жанашыр жандарға алғыс білдірді. Бұл көмек әсіресе індет кезінде қажет. «Самұрық-Қазына» АҚ-нан алынған барлық жабдықтар қалалық және аудандық емханалар арасында бөлінген», - дейді Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.
Айта кетейік, мұндай жиынтықтар әрбір облыс, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалаларға жеткізілетін болады.
«Бұл шаралардың барлығы біздің медицинамыздың жұқпалы аурулармен, соның ішінде COVID-19 коронавирустық инфекциямен күресуге дайындық деңгейін арттыруға және ұлттық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға бағытталған», - дейді «Samruk-Kazyna Trust» қорының ресми өкілі Мирас Іргебаев.