Жамбыл облысы рекордтық көлемде астық жинады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы Жамбыл облысы рекордтық астық жинады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ауыл шаруашылығы саласы жақсы көрсеткіштерге жетіп келеді. Биыл 104,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, көлемі 2,6 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығы дақылдары 630 мың гектар алқапқа егілді. Біз аграрлық университеттің ғалымдарымен бірлесе отырып, бидай тұқымының сұрыпын ауыстырып, жаңа технология енгіздік. Нәтижесінде соңғы екі жыл қатарынан әр гектардан 24-25 центнер дәнді дақылдар алдық. Жалпы өнім көлемі екі есе артып, 1 млн 200 мың тонна астық жиналды. Бұл - облыста бұрын-соңды болмаған көрсеткіш», - деді Жамбыл облысының әкімі.

Оның айтуынш, бүгінде Жамбыл өңірінде қант қызылшасы, жүгері, мақсары, соя алқаптарын ұлғайту жұмыстары жүргізілуде.

«Биыл қант қызылшасы алқабын 9,5 мың гектарға жеткіздік. Кеңес дәуірінде облыста 43 мың гектар қант қызылшасы егіліп, 946 мың тонна өнім алынған. Өткен жылы 5 мың гектар жерден 116 мың тонна қызылша жиналып, орташа өнімділігі 232 центнерді құрады. Биыл 180 мың тонна өнім жинап, одан 18 мың тонна қант шығару жоспарлануда. Ол үшін Меркі қант зауытында 1 млрд теңгеге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді», - деді Кәрім Көкірекбаев.