Жамбыл облысы тұрғындарының 60 пайызы вакцинамен қамтылмақ

Фото: None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында коронавирусқа қарсы вакциямен халықтың 60 пайызын қамту жоспарлануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл орайда Жамбыл облысында 18-64 жас аралығындағы 659 722 тұрғын бар, оның ішінде

қарсы көрсеткіштері мен ерікті түрде бас тартатындары ескеріле отырып, (шегерім 10%), вакцинациялауға 593 700 адам жатады деп жоспарлануда.

Ақпан айында басталған бірінші партиямен ресейлік «Спутник V» вакцинасымен - 5000, наурыз-маусым айлары аралығында - 95 000, ал қалған 493 700 адамды отандық вакцинамен қамту көзделіп отыр.

Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының инфекциялық блок бөлімшесінің меңгерушісі, инфекционист дәрігер Лиза Тұрғанова жыл соңына дейін халықтың шамамен 60 пайызы екпемен қамтылып, ұжымдық иммунитет қалыптасады деген сенімде.

Ол өзі алғашқылардың бірі болып қалалық емханалардың бірінде вакцинаның 1 компонентімен екпе алған болатын. 21 күннен кейін дәрігердің тексеруінен өтіп, екпеге қарсы көрсетілімі жоқ екеніне көз жеткізілген соң, 2-ші компоненттің дозасымен егілді. Содан соң 30 минут дәрігер қарауында болған ол, өзін жақсы сезінетіндігін және ешқандай кері әсерді байқамағандығын айтты.

«Вакцинациядан кейін денсаулығым зардап шеккен жоқ, реакциялар байқалмады. Нұсқаулыққа сай вакцинадан кейінгі күтіну тәртібін ұстануға тырысудамын. Мен облыстың жұқпалы аурулар қызметінің ардагері ретінде иммунопрофилактиканың маңыздылығын

білемін және түсінемін. Негізі вакцинация – жұқпалы індеттермен күресудің тиімді шараларының бірі. Иммунизация арқылы аталған инфекцияны жоюға және азайтуға қол жеткізілді. Біз тек қана екпе жұмыстарын жүргізу арқылы COVID – 19 індетін оқшаулай аламыз. Облысымызда тұратын халықтың кем дегенде 60% -ын егу – ұжымдық, популяциялық иммунитетті құру арқылы біз коронавирустың одан әрі таралуын тоқтата аламыз», - деген Лиза Тұрғанова инфекционист дәрігер ретінде өз әріптестерін, медицина қызметкерлерін, облыс тұрғындарын екпе алуға шақырады.

Айта кетейік, бүгінгі таңға дейін 850 жамбылдық медицина қызметкеріне ерікті түрде вакцина салынды. Облыста 22 ақпаннан бастап коронавирус инфекциясына қарсы «Спутник V» вакцинасының екінші компонентін салдыру басталған.


Соңғы жаңалықтар