Жамбыл облысынан 3 мың жылдық тарихы бар қазан табылды
Көне жәдігерді Бесағаш ауылының маңынан Ертай есімді азамат қабір қазып жатып тауып алған.
Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры, тарихшы- археолог Сауран Қалиев Бесағашқа арнайы барып, тарихи жәдігермен танысты.
Тарихшы көне қазан біздің заманымызға дейінгі V-III ғасырдағы сақ дәуіріне жататынын айтады. Қола мен қалайының қосындысынан жасалған қазанның бойы – 70 см, диаметрі – 66 см.
«Қазан табылған маңда ортағасыр қалашығы – «Ақтөбе» елді мекенінің орны бар. Бірақ, қазан темір дәуіріне жататындықтан, Ақтөбенің тарихы да сонау ерте темір дәуірінен басталуы мүмкін. Бұл аумақта осы уақытқа дейін кешенді түрде ешқандай археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Осы жәдігердің табылуынан соң, Жамбыл облысының Шу-Талас өңіріндегі ерте орта ғасырлық және темір дәуіріне тән нысандарда кешенді түрде ғылыми-зерттеу жүргізіледі деп үміттенеміз. Сондықтан ерте қола мен темір дәуіріне қатысты кенжелеп қалған зерттеу жұмыстарына көңіл бөліну керек«, – дейді тарихшы-археолог Сауран Қалиев.
Тарихшы қазан ернеуіндегі ою-өрнектің геометриялық дәлдікпен жасалғанына қарап, сақ мәдениетіндегі тайпалардың математикалық есептеулерді мықты меңгергендігін шамалайды. Ал ою-өрнек нышандары қазанның аузы мен сыртқы бетіне шығарылып жасалуы молшылықтың белгісі.
Қазан Бесағаш ауылындағы мектеп мұражайына берілді.
Бұған дейін Жамбыл облысында музейге Түргеш заманындағы тиындар тарту етілгенін жазған болатынбыз.