Жамбыл облысында 11 нысанды қамтитын этно-мәдени кешен салынуда
Бүгінде кешендегі 8 нысан бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, әрлеу-безендіру жұмыстары қызу атқарылуда. Барлығы 500-ге жуық құрылысшы, 30-дан аса техника жұмылдырылған. Әрлеу жұмыстары Самарқан стиліндегі кірпіштерімен жүргізілуіне байланысты Өзбекстаннан арнайы мамандар тартылуда. Инфрақұрылыммен қамту шаралары толығымен аяқталған. Жалпы төрт гектар аумақты құрайтын орталықтағы құрылыс жұмыстары толығымен желтоқсан айының басында мәреге жететіні жоспарланған.
«Шахристан» тарихи-мәдени кешенінде 11 нысан бой көтереді деп жоспарланған. Олардың қатарында тарихи-өлкетану музейі, «Руханият және тарихтану» орталығы, қолөнершілер шеберханасы, көркемсурет галереясы, амфитеатр, «Сағат» стелласы, Арбат-1, 2, 3 нысандары бар. Айта кетейік, мұндағы құрылысқа қажетті материалдардың 80 пайызы отандық өндіріс орындарынан жеткізілуде. Қалғаны Самарқанд кірпіші, глазурь атты төсеніштер Қытай мен Өзбекстан мемлекеттерінен импортталады. Олармен арнайы келісімшарт жасалып, ең сапалы материалдар пайдаланылуда.
Жалпы «Шахристан» тарихи-мәдени кешенінің аумағына 45 мың тас төсеніш төселіп, алты субұрқақ орнатылуда. Сондай-ақ «MART» сауда орталығының артындағы 350 метр канал бойына кіші архитектуралық нысандар салынып, келушілерге жайлы жағажай жасалмақ.