Жамбыл облысында 24 жастағы ер адам суға батып кетті
17:27, 28 Шілде 2015
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Қордай ауданында суға шомылып жүріп, суға батып кеткен ер адам іздестірілуде, деп хабарлады Жамбыл облысы ТЖД баспасөз қызметінен.
«27 шілдеде сағат 19:13-те облыстық ТЖД-ге Қордай ауылында «Георгиевский» арнасында суға шомылып жатқан уақытта Қордай ауданы Қақпатас ауылының 24 жастағы тұрғыны суға батып кеткені жайлы хабарлама түсті. Департамент басшысы 28 шілдеде сағат 2:00-де оқиға орнына Жамбыл облысы ТЖД «Жедел құтқару жасағы» ММ 5 адамнан тұратын сүңгуірлер тобын жіберді», - делінген ведомство хабарламасында.
Іздеу жұмыстары 28 шілдеде таңғы алтыдан басталды.
Жамбыл облысы ТЖД-да жыл сайын облыста суға түсу кезінде бірнеше ондаған жазатайым оқиғалар кездесетінін атап өтті. 2015 жылдың басынан бастап облыстың су қоймаларында 62 адам зардап шекті. 13-і қаза тапқан, оның үшеуі бала. Зардап шеккен 48 адамды облыстың ТЖД құтқарушылары ажалдан аман алып қалды.