Жамбыл облысында 260 зейнеткер бизнес-қауымдастықты сәтті басқаруда
Бұл туралы ӨКҚ брифингінде облыстық қоғамдық ардагерлер бірлестігінің төрағасы Еркіндік Солтыбаев мәлім етті.
«Бізде жұмыс істейтін ардагерлер көп. Қазір өңірде зейнет жасындағы 260 ардагер шаруашылық қожалығын, бизнес-қауымдастықты басқарып жүр. Олар өздерінің нақты істерімен жастарға нарықтық экономика жағдайында қалай тиісді жұмыс істеуге болатынын көрсетуде», - деді спикер.
Аға ұрпақтың рухани сұраныстарын қанағаттандыру үшін облыстық ардагерлер кеңесінің қолдауымен өңірде төртінші жыл облыстық «Ғұмыр-Дария» ардагерлер газеті шығады.
Жамбылдық ардагерлер өңірдің мәдени өмірінен, спорттық шаралардан жырақ қалмайды. «Таразда және аудандарда «Красная гвоздика», «Сударушка», «Асыл-Ана» және т.б. шығармашылық ансамбльдер жұмыс істейді. Аптасына екі рет ардагерлер «Тараз-Арена» спорт сарайына жиналады. Облыста волейболшылардың ардагерлер федерациясы құрылды, Алматы, ОҚО, Қызылорда, Жамбыл облыстарында ардагерлер арасында турнир өткізіледі», - деп атап өтті Е. Солтыбаев.
Миллионнан астам халқы бар Жамбыл облысында 114 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Облыстық ардагерлер ұйымы қатарында 85 мың зейнеткер бар.