Жамбыл облысында 30-дан астам адам қар құрсауынан құтқарылды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы аудандарындағы ауа райының күрт нашарлауы автокөлік қозғалысының шектелуіне соқтырды және қар құрсауынан адамдарды құтқаруға тура келді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Кеше Шу ауданында Шоқпар ауылынан 10 шақырым жердегі автожол бөлігінде апатты-құтқару жұмыстары жүргізілді, - деп хабарлайды Жамбыл облысы ТЖД баспасөз қызметі. - Облыстық ТЖД «Өрт сөндіру және апатты-құтқару жұмыстары қызметі» ММ және жергілікті атқару органдары күштері Шоқпар ауылында 34 адам мен 6 жеңіл автокөлікті қар құрсауынан шығарды. Оған 8 адам мен 4  техника жұмылдырылды».

Одан бөлек, 14 қаңтар күні ауа райы жағдайының нашарлауымен (бұрқасын, көріністің нашарлауы) Алматы - Ташкент автожолының 157 - 240 шақырымы  («Қордай» асуының айналма жолы) барлық автокөлік түрлері үшін жабылды. 15 қаңтар күні 13:00-де аталған жол бөлігінде үлкен жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізілді.