Жамбыл облысында 33 млн. теңгені жымқырған әскери бөлім командирінің орынбасары 7,5 жылға сотталды
Сотта анықталғандай сотталушы А.Э. Туғанбаев Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданының Луговая станциясында орналасқан Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігінің 42062 әскери бөлімі командирінің 2014 жылғы 30 маусымдағы бұйрығымен әскери бөлім командирінің орынбасары - қаржы қызметінің бастығы болып тағайындалған.
Лауазымды адам бола тұра, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті, яғни 42062 әскери бөлімінің 33 244 017 теңге ақша қаражатын иемденіп алып, талан-таражға салып, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам бола тұра, ресми құжаттарға көрінеу жалған мәліметтерді енгізген.
Сот үкімімен сотталушы А.Э.Туғанбаев Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы, 369-бабының 2-бөлігімен айыпты деп танылып, оған мүлкін тәркілеумен 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айырып, мемлекеттік және әскери мекемелерде әкімшілік - шаруашылық қызметпен айналасу құқығынан өмір бойына айырып, жазаны түзеу колониясының жалпы режимінде өтеуге тағайындалған.
А.Э.Туғанбаевқа қатысты бұлтартпау шарасы - «кепілдік» жойылып, сот залынан қамауға алынған.
Сот Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігінің «Оңтүстік» өңірлік әскерлер қолбасшылығы басқармасының командирі атына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды алдын-алу шараларды қабылдау және күшейту қажеттілігі туралы жеке қаулы шығарды, деп хабарлады ҚР Әскери сотының баспасөз қызметі.