Облыста халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орайластырылған айлық басталды. Осыған орай, Ішкі істер министрінің орынбасары Ержан Сәденовтің төрағалығымен Мемлекеттік органдардың нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штаб отырысы онлайн түрде өтті. Онда Жамбыл облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев жағдайды баяндады.
«Биыл 4 ай ішінде облыста есірткіге қатысты құқық бұзушылықтың 193 дерегі анықталды, оның ішінде 76-сы қылмыс және 117-сі қылмыстық теріс қылық. Заңсыз айналымнан 528 келіден астам есірткі заттары тәркіленді. Оқу орындарында, колледждерде және жоғары оқу орындарында 3 мыңнан астам студент қатысқан барлығы 250 профилактикалық іс-шара өткізілді», - деді. Сонымен қатар, Әлім Бажықбаев аталған айлық шеңберінде мүдделі тараптармен бірлесіп, іс-шаралар жоспары бекітілгенін атап өтті.
Айта кетсек, бұған дейін Астана тұрғыны таксимен 5 келіге жуық марихуана әкеле жатқанын жазған болатынбыз.