Жамбыл облысында 47 жастағы азамат ұсталып, одан 1 тоннадан астам марихуана тәркіленді

АСТАНА. 27 шілде. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Жамбыл облысында 47 жастағы азамат ұсталып, одан 1 тоннадан астам марихуана тәркіленді.

Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің басшысы Нұрділдә Ораз мәлім етті.

«Көкнәр» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Жамбыл облысының «Шу-Аспара» стансысының аралығында жабайы өсетін аумақтан Алматы облысының 47 жастағы тұрғыны ұсталып, одан салмағы 1 тонна 100 келі «марихуана» есірткі заты тәркіленді», - деді ол.

Оның атап өтуінше, «Дельта-Долина» өңіраралық есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері де тағы да осындай көлемдегі марихуана дайындаған Қырғызстан азаматын қолға түсірген. Сонымен қатар Қарағандыдағы дәріханалардың бірінде қаланың 35 жастағы тұрғыны ұсталып, одан 354 грамм есірткінің ең ауыр түрі - героин тәркіленген.