«1 наурыз күні түнде Жамбыл облыстық ТЖД-ның «112» нөміріне Байзақ ауданында құмды аймақта 6 адам адасып кеткені, оның үшеуі кәмелетке толмаған бала екені туралы хабар келді. 00:30-да құтқарушылар «Нива» көлігімен жолға шықты», - делінген хабарламада.
Адасқандар жақын маңда елді мекен болмағандықтан, өздерінің қайда екенін нақты айта алмаған. Оның үстіне қалың тұман да іздестіру жұмыстарын қиындатты.
Құтқарушылар оларды таңғы 4-ке қарай Байзақ ауданының Ақжар ауылынан 32 шақырым жерден тапты. «Гольф-2» көлігінің жүргізушісі мен жолаушылары ұзақ уақыт бойы өздері жол табуға әрекет жасаған, бірақ амалы табылмаған соң көмек шақырған.
Зардап шегушілер қауіпсіз жерге жеткізіліп, оларға сақтық шаралары ескертілді.