Жамбыл облысында 8 жасар бала бассейнге батып кетті

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында 8 жасар бала суға кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің өкілі Аида Құдайқұлға сілтеме жасап.

Кеше, 21 маусым сағат 15:30-да Жуалы ауданы Теріс-Ащыбұлақ су қоймасы аумағындағы демалыс аймағының бірінде орналасқан тереңдігі 3 метр бассейнде 2012 жылы туған бала суға батып кетті.

«Бала ересектердің қарауынсыз қалған. Оқиға орнына Жамбыл облысы ТЖД 2 қызметкері мен бір техника шықты. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жүргізіп жатқан жұмысына және күнделікті рейдке қарамастан қайғылы оқиға орын алып отыр. Бұл - биылғы бесінші қайғылы оқиға. Шомылу маусымы басталғалы бері бес адам суға батып, оның біреуі құтқырылған. 4 адам көз жұмды, оның үшеуі - бала» дейді облыстық ТЖД баспасөз қызметінің өкілі Аида Құдайқұл.

Департамент өз кезегінде азаматтарды балаларды қараусыз қалдырмауға, сондай-ақ тыйым салынған жерлерде шомылмауға шақырады.