Жамбыл облысында әкім әйеліне тиесілі компаниямен келісімшарт жасасқан

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында ауыл әкімі әйеліне тиесілі компаниямен 23 миллион теңгеге келісімшарт жасасқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жамбыл облысында Құлан ауылдық округінің әкімі мемлекеттік сатып алу кезінде әйеліне тиесілі компаниямен 23 миллион теңгеге келісімшарт жасасқан. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттінің облыстық департаменті берген мәліметке сәйкес, Құлан ауылдық округінің әкімі М.Иманбаевқа қатысты жымқыру фактілерімен қылмыстық іс тергеліп, оның іс-әрекетінде қылмыстық құрамы болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылған болатын.

Алайда қылмыстық істі тергеу барысында М.Иманбаевтың іс-әрекетінде мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтар бар екені анықталды.

Атап айтқанда, М.Иманбаев Құлан ауылдық округінің әкімі болып тағайындалғаннан кейін, «А» ЖШС-пен бір көзден мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарттар жасасқан. Бұл серіктестіктің жалғыз құрылтайшысы М.Иманбаевтың жұбайы екендігі анықталды.

Осыған орай ҚР ҚПК-нің 200-бабының талаптарына сәйкес Мемлекеттік қызмет істері агентігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің әдеп жөніндегі кеңесіне ұсыну енгізілген болатын. Осы ұсыныс, Әдеп жөніндегі кеңесінде қаралып, нәтижесі бойынша М.А.Иманбаев ҚР Мемлекеттік қызметі туралы Заңының 50-бабы 1-бөлігі 2, 4 және 5 тармақтарын бұзғаны үшін атқарып отырған лауазымынан босату туралы шешім қабылданды»,-дейді департаменттің тергеу басқармасының тергеушісі Дәурен Сәбиев.