Бұл туралы облыс әкімдігі жанындағы денсаулықты қорғау жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында жан-жақты айтылды.
Басқосуда «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының ведомствоаралық іс-шараларының облыс деңгейінде орындалу барысы қаралды. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымовтың айтуынша, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ана өлімі - 36 пайызға, нәресте өлім-жітім көрсеткіші - 4 пайызға, қатерлі ісіктерден аурушаңдық көрсеткіші - 4,2 пайызға, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім - 15,8 пайызға, қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім 10,9 пайызға төмендеген.
Алайда, жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендер мен 15-17 жастағы балалар арасындағы суицид өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай артқан. Атап айтсақ, биыл 1510 адам жол апатынан зардап шеккен. Бұл көрсеткіш Сарысу ауданында 7 есеге, ал Жуалы ауданында 36 пайызға артты. Ал ағымдағы жылы жасөспірімдер арасында аяқталған суицид 3 жағдайдан 5 жағдайға көбейген.
Облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев орын алған жағдайға байланысты тиісті тұлғаларға сауал жолдап, жұмысы сылбыр жауапты басшыларды сынға алды.
Автор: Ғибрат Сембай