Жамбыл облысында анасы мен үш айлық нәрестені көлік қағып кетті

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат – 4 наурыз күні түнде Жамбыл облысы Сарыкемер ауылында жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сілтеме жасап.

Анықталғандай, «BMW 728» маркалы көліктің 28 жасар жүргізушісі 44 жастағы әйелді үш айлық баласымен жаяу жүргіншілер жолында қағып кеткен. Анасы оқиға орнында көз жұмды.

Нәрестені Байзақ аудандық орталық ауруханасына жеткізген дегенмен алған жарақатынан сәби де көз жұмды. Оқиға орнын тексеру барысында жолдың құрғақ, ешқандай ақаусыз болғаны анықталды.

Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес жүргізуші алкогольдік және есірткі заттарын пайдаланбаған. Ұсталған азаматтың айтуы бойынша, әйелі екеуінің арасында жанжал шығып, жүргізуші жылдамдықты күрт арттырған.

Алдында келе жатқан көлікті айналып өту кезінде ол рөлді басқара алмай, жаяу жүргіншіні қағып кетті. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жүргізуші өз кінәсін толық мойындады.

Кінәлі Тараз қаласының ПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды, машина арнайы тұраққа қойылды. Қазіргі таңда іс бойынша тергеу шаралары жүргізілуде.