Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің берген мәліметтеріне сүйенсек, былтыр облыстық көпбейінді балалар ауруханасына дәрі-дәрмектен уланған 242 бала түскен, оның 37-сі ауруханаға жатқызылған. Биыл жеті ай ішінде 156 бала түсіп, оның 17-сі ауруханаға жатып емделіп шыққан. Мұның ішінде 13-і күйікпен түскен. Өңеші сірке қышқылынан күйіп қалған екі бала ауруханаға жатқызылған.
Тұрмыстық химиялық заттармен улану бойынша былтыр балалар ауруханасына жалпы саны 188 бала түсіп, оның 37-сі ауруханаға жатқызылған. Ал осы жылдың 7 айында 130 бала уланып, оның 26-сы ауруханаға жатып емделген.Мамандар улану жағдайлары көбінесе ата-аналардың абайсыздығынан орын алатынын айтып, дәрі-дәрмектер мен химиялық заттарды балалардың қолы жетпейтін жерде ұстау қажеттігін ескертуде.
Айта кетейік, бұған дейін Тараз нейрохирургтері талма дертіне шалдыққан балаларды емдеп жатқанын жазған болатынбыз.