Жамбыл облысында бес мектептің құрылысы бітпеген
Бұл туралы Жамбыл облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Жасұлан Атенов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді. Аталған департамент Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасына сәйкес, білім беру ұйымдарының 2023-2024 оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізген. Мониторингке облыстағы 438 жалпы орта білім беретін мектептер қамтылады.
Жалпы, облыстағы 178 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Оның 96-сына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Ал 82 мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізу әзірге жоспарда жоқ. Сондай-ақ мониторинг жүргізу барысында 129 мектепте жылыту жүйесін жөндеу қажеттілігі анықталған.
36 мектепте жылыту қазандығы ғимараттың ішінде орналасқан. Мұнымен қоса, облыстағы 15 мектепте бейнебақылау жүйесі мектеп аумағы бойынша қамтылмаған. 63 мектептің бейнебақылау жүйесі талапқа сәйкес келмейді.
«62 білім беру ұйымында интернет жылдамдығы 4 мегабит/сек төмен. 90 мектепте интерактивті тақталардың 50 пайызы істен шыққан. 70 мектепте спорт зал салынбаған. 108 мектеп спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмеген. Байзақ ауданында 6 мектепке, Жамбылда – 9, Меркіде – 5, Мойынқұмда –1, Тұрар Рысқұлов ауданында – 5, Шуда – 4, Сарысуда – 3, Таласта – 2, Тараз қаласында – 1 мектепке, жалпы 36 орта білім беру ұйымына асхана қажет», – деді брифингте Жасұлан Атенов.
Мектептердегі мәселелер мұнымен бітпейді. Облыстағы 40 мектепте арнайы кітапхана бөлмелері қарастырылмаған. Оқушыларды тасымалдауға 110 автобус бөлінген. Бірақ Шу ауданында – 8, Байзақта – 9, Сарысуда – 1, Тұрар Рысқұлов ауданында 5 автобустың тозығы жеткен.
Шу ауданы Төле би ауылындағы әл-Фараби орта мектебінің құрылыс жұмыстары тек 70 пайызға орындалған. Балалар үшінші жыл басқа 4 мектепте білім алып жатыр. Осы аудандағы Ғани Мұратбаев атындағы орта мектебі апатты жағдайда тұр. Мойынқұм ауданының №1, В.Терешкова және Ағыбай батыр мектептерінде су басқа жақтан тасымалданып, арнайы ыдыстарда сақталады. Әжетханасы сыртта орналасқан.
Брифинг соңында Жасұлан Атенов журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Бұған дейін Жамбыл облысында оқушыларға 2 млрд теңгеге жуық қаржы үлестірілетінін хабарлаған болатынбыз.