Жамбыл облысында білім саласын қаржыландыру 18 пайызға өскен

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы бойынша биыл 1 сыныпқа 22118 оқушы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек журналистермен өткен брифингте мәлімдеді.

Жалпы, биыл облыстың білім саласын қаржыландыруға 284,8 миллиард теңге бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға артық. 17 білім нысанының күрделі жөндеу жұмыстарына 4,4 миллиард теңге қаржы қаралған. Құрылысы аяқталмаған бес мектептің оқушылары жақын маңайлардағы мемлекеттік мекемелерде білім алу мүмкіндіктері қарастырылуда.

Облыстық білім басқармасы басшысының айтуынша, облыста білім беру нысандарының қауіпсіздігіне биыл 1,8 миллиард теңге бөлінген. Бүгінгі күні 690 білім нысаны 100% бейнебақылау камераларымен қамтылған. Ал оқулықтарды сатып алуға 3,1 миллиард теңге бөлініп, оқушылар 100 пайыз оқулықпен қамтылатын болады.

«1-4 сынып оқушыларын бір мезгіл ыстық тамақпен қамтуға облыстық бюджеттен 2,5 миллиард теңге бөлінді. Баланы мектепке дайындау үшін ата-аналарға 40567 теңге жеке шоттарына аударылуда.

«Мектепке жол» акциясы аясында 1-14 тамыз аралығында жекелеген санаттағы 701 балаға 22 378 496 теңгеге демеушілер есебінен көмек көрсетілді. Бүгінгі күні білім нысандарының 90 пайызы жылыту маусымына дайын», – деді Мейірхан Өмірбек.

Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында бес мектептің құрылысы бітпегенін хабарлаған болатынбыз.