Жамбыл облысында бір айда 60 қару тәркіленді

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында полицейлер бір айда 60 қаруды заңсыз айналымнан тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысының Полиция департаменті қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған, заңсыз сақталған қаруды іздеу және тәркілеу жұмыстарын жалғастырып келеді. Осы мақсатта сәуір айының соңына қарай облыста «Қару» жедел-алдын алу іс-шарасы өткен болатын.

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары кезінде Тараздағы «Солнечный» иінінен қару-жарақ пен оқ-дәрі салынған полипропилен пакетін тапқан. Онда Жамбыл облысы ПД қоймасынан ұрланған 5,45 мм калибрлі «АКС-74» автоматы, 12 мм калибрлі «ИЖ-54» маркалы екі ұңғылы аңшы мылтығы, 16 мм калибрлі «ИЖ-ЗК» маркалы бір ұңғылы аңшы мылтығы, «ИЖ-18ЕМ» 16 мм калибрлі тегіс ұңғылы аңшы мылтығы, 16 мм калибрлі «ИЖ-58» маркалы бір ұңғылы шолақ аңшы мылтығы болған.

Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 287-бабы 3-бөлімінің «Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

«Іс-шараның 5 күнінде полицейлер заңсыз айналымнан 54 қару, 448 оқ-дәрі, 1 жарық-шу гранатасын, 9 арнайы құралды тәркіледі. Алынған барлық құралдарға сот-баллистикалық сараптамалар тағайындалды. Полиция қызметкерлері қару иелерінің тұрғылықты жері бойынша, сондай-ақ шалғайдағы 704 шаруа қожалығына тексеру жұмыстарын жүргізді.

Жедел-алдын алу шарасы барысында 21 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде қаруды сақтау ережелерін бұзудың 15 дерегі, қаруды қайта тіркеуді бұзудың 6 фактісі анықталды. Осылайша, сәуір айында заңсыз айналымнан 60 қару мен 1 183 оқ тәркіленді», - деді Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұржан Рахметуллаев.

Бұған дейін Таразда қараусыз ғимараттан қару-жарақ пен оқ-дәрілер табылғанын жазған болатынбыз.