Жамбыл облысында бораннан бүлінген нысандарды демонтаждау басталды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының Сарысу және Талас аудандарында табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдары қалпына келтіріліп жатыр. Бұл туралы ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қарлы боран мен қатты желдің салдарынан Жаңатас қаласындағы 2 көпқабатты тұрғын үй, 5 әлеуметтік, 9 спорттық нысан зақымдалған. Жарық шамдары, электр бағаналары мен жүйелері істен шыққан. Ауданға қарасты бірқатар ауылдық округтердің де көше жарық шамдары мен электр желілері, жеке тұрғын үйлердің шатыры бүлінген.


Сарысуда 18 бригада, 23 техника жарықты қалпына келтіру жұмыстарына жұмылдырылған. 25 елді мекеннің 11-інде электр желілері іске қосылып, Жаңатас қаласы бойынша 97 көпқабатты тұрғын үйдің барлығына жарық берілді. Жаңатас қаласының орталық қазандығына 4 қаңтар күні электр қуаты беріліп, 5 қаңтар күні жылыту жүйесі іске қосылды. Ауыз су қалыпты режимде беріліп тұр. Ауданда бүгінгі таңда барлық бағыттағы жолдар ашылып, көлік қатынасы реттелді.


Ал, Талас ауданының орталығы Қаратау қаласында тазалық жұмыстары жүргізіліп, күл-қоқыс шығарылып жатыр. Аудандағы электр жүйелерін қалпына келтіру үшін 4 бригада жұмылдырылды. Қаратау қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлер, сондай-ақ Көктал, Тамды ауылдық округтеріне толығымен электр қуаты қосылды.


Қаратау қаласы бойынша табиғи сипаттағы төтенше жағдайдан 10 көпқабатты тұрғын үй мен қалалық әкімдік ғимараты зардап шеккен болатын. Бүгіннен бастап мердігерлердің техникалары мен құрылысшылары жасақталып, демонтаж жұмыстары басталды.

Ауданда азық-түлік өнімдеріне тапшылық жоқ. Наубайханалар қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.