Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 13 сәуір күні бойына Таразда батысқа қарай бағытталған дауылдың салдарынан қала аймағында 81 тал құлады. Құзырлы органдарға электр энергиясының өшкендігі жөнінде 184 хабарлама келіп түсті. Бірқатар мектептер мен 6 көпқабатты үйдің шатырына зақым келді. №18 орта мектептің 3 қабатты ғимаратына зиян келді және оның 100 шаршы метр аймақтағы шатыры жұлынып кеткен. Зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ.
Табиғи апаттың салдарымен күреске төтенше жағдайлар мен өзге де салалардан 70 адам мен 20 дана техника жұмылдырылды. Жамбыл ауданының Айша бибі ауылында жел ҚР Қорғаныс министрлігінің 10216 әскери бөлімі ғимаратының 210 шаршы метр аймақты алып жатқан шатырын толықтай ұшырып әкетті. Зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ.
Байзақ ауданындағы Диқан ауылында су тартуға арналған мұнара құлап, ересектерге арналған, туберкулезге қарсы облыстық шипажай сусыз қалды. Сағат 12-30-да су жерасты көздерінен қайта беріле бастады.
Шу ауданында Шу қаласы (12 994 абонент) мен Бәйдібек (161), Абай (260), Ақсу ауылы (284) мен Төле би ауылында (284) электр энергиясын беру тоқтатылды. Осы күні кешкісін электр қуатымен қамту жұмыстары толықтай қалпына келтірілді.
Айта кетейік, 13 сәуір күні дауыл туралы ескерту жарияланған болатын. Синоптиктер нөсер жауын жауады деп болжам жасады. Желдің күші оңтүстік батыстан және батыстан секундына 15-20 метр жылдамдықпен соғады деп ескертілді. 12 сәуір күні кешкісін нөсер жауын тоқтап, жел күшейген болатын.