Жамбыл облысында екі жылда 30 жаңа медициналық нысан салынады
Бұл жолы облыс басшысы Қордай ауданындағы Отар және Кенен ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Округте жалпы саны 11 544 адам тұрады.
Облыс әкіміне Отар ауылының тұрғындары жедел жәрдем қызметінің нашарлығы, мектеп кабинеттерін жаңарту қажеттігі, жайылым тапшылығы туралы айтты. Ал Кенен ауылдық округінің халқы дәрігерлік амбулаторияны кеңейту, жол жөндеу, қоқыс жинау, республикалық автожолға мал өткелін салу секілді мәселелерді алға тартты.
«Ауылдық округте бірқатар жұмыстар атқарылып, біраз мәселелер шешілген. Дегенмен, ауданның кешенді даму жоспарына сәйкес, әлі де атқарылатын жұмыс аз емес. Дәрігерлік амбулаторияға қатысты мәселені шешуді биылдан бастап қолға аламыз. Келер жылы ол пайдалануға берілетін болады. Жалпы, алдағы екі жылда облыста 30 жаңа медициналық нысан бой көтереді. Күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін нысандар да назардан тыс қалмайды»,– деді Нұржан Нұржігітов.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында 70 көпқабатты үй салынып жатқанын хабарлаған болатынбыз.