Өңірдің денсаулық сақтау саласындағы аталмыш жемқорлық әрекеттер «Жамбыл адалдық алаңы» жобасы аясында белгілі болған.
«Жоба шеңберінде медицина мекемелерінің қызмет көрсету сапасына, сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне қатысты жасырын сауалнама жүргізілді. Нәтижесі ойдағыдай емес. Тіпті, бірқатар қызметкерлер «бармақ басты, көз қысты әрекеттерге» жол беретіндердің атын атап, түсін түстеген. Ал емделушілердің 22-сі дәрігерлердің жұмысына көңілі толмайтын болып шықты. Департамент мамандары Байзақ аудандық орталық ауруханасында жұмысқа жарамды деген анықтаманы сондағы ақ халаттылар 4 мың теңгеге саудалағанын анықтаған», - деді облыстық Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Равиль Төлебаев.
Бұдан бөлек, «медициналық біліктілікті арттырды» деген сертификаттың бағасы 55 мың теңге екені белгілі болған. Қазіргі таңда бұл істермен құзырлы органдар айналысып жатыр. Департмент басшысының айтуынша, денсаулық сақтау саласын жайлаған жемқорлықты жоюға бағытталған іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады.