Жамбыл облысында еңбек инспекторы өртенген журнал үшін мектеп басшылығынан пара беруді талап еткен
Тараз қалалық № 2 соты Жамбыл облыстық әкімдігі Еңбек инспекциясы басқармасының бас маманы Н.Халматоваға қатысты қылмыстық істі қарады.
Жамбыл облыстық сотынан хабарлағандай, Н. Халматова Талас ауданы Қаратау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте тексеріс жүргізіп, білім шаңырағы басшылығынан ақша алу үшін қылмыстық жоспар құрған.
Н.Халматова мектеп басшылығынан 2012-2013 жылдарға арналған қаіпсіздік техникасы бойынша журналдарды дайындауды талап етті. Алайда мектеп директорының орынбасары К.С. бұл журнал осыған дейін болған өртте күйгенін айтты. Өрт жөніндегі актінің жоқтығын білген Н.Халматова 90 000 теңге көлемінде айыппұл салатынын мәлімдеді. Кейінірек Н.Халматова делдал арқылы мәселені реттеу үшін оған 40 000 теңге беруді сұрады. Алайда К.С. Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне жүгінді.
Н.Халматова өз кабинетінде пара алып жатқан кезінде ұсталды.
Сот үкімімен Н.Халматова ҚР ҚК 366 бабы 1 бөлімі бойынша айыпты деп танылды. Оған 2 000 000 теңге көлемінде айыппұл салынып, мүлкі тәркіленді. Сонымен қатар ол өмірінің соңына дейін мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.