Жамбыл облысында ерекше учаскелік полиция пункті ашылды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Байзақ ауданында ерекше жаңа учаскелік полиция пункті ашылды. Ерекшелігі сол – онда учаскелік полиция қызметкері тек жұмыс істеп қана қоймай, отбасымен бірге емін-еркін тұра алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысының Байзақ ауданы Бурыл ауылдық округінде жергілікті атқарушы органдардың күш салуымен жаңа учаскелік пункт салынды, онда учаскелік полиция қызметкерінің және оның отбасының өмір сүруіне барлық жағдай жасалған.

Жаңа форматтағы мұндай пункт Жамбыл облысының аумағында алғаш рет пайдалануға беріліп отыр.

Алдағы уақытта облыстың ПД басшылығы осы үрдісті жалғастыруды жоспарлауда. Айта кетерлігі, тұрғын жай қажетті жиһазбен, техникамен, байланыс құралдарымен және бейнебақылау жүйесімен жабдықталған.

Бұл азаматтармен қарым-қатынас процесі үнемі бақылауда екенін білдіреді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне де тосқауыл болады.

«Бұл әкімшілік учаскеге үш жылға қызметке бекітілдім. Жұмыс оңай емес, міндетіме қоғамдық тәртіпті қорғау, бекітілген учаскеде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ жүгінген немесе шағымданған жағдайда халыққа өзге де көмек көрсету кіреді. Контингент әртүрлі, әрқайсысына жеке көзқарас қажет, айта кету керек, аумақта 12 943 адам тұрады, оның ішінде 72 адам ІІО-да есепте. Қаруды алып жүруге және сақтауға рұқсаты бар 57 азамат бар, олардың ҚР заңнамасын сақтау және орындау шарттарын қадағалау қажет. Қазіргі уақытта аумақта 22 қылмыс дерегі тіркелді, оның 16-сы ашылды, жұмыс жеткілікті», -дейді Байзақ ауданы Бурыл округінің учаскелік инспекторы Айдын Қорғанбаев.

Айта кету керек, жалпы, Жамбыл облысында 355 учаскелік полиция инспекторы жұмыс істейді, олар азаматтардың тыныштығын күзетіп, құқықтары мен мүдделерін қорғайды.

Олардың арасында өз өмірін қатерге тігіп, адам өмірін бірнеше рет құтқарып, қылмысқа қарсы күресте және қылмысты ашуда айтарлықтай көмек көрсеткендер аз емес.

Учаскелік испекторлар қызметінің тиімділігін арттыру және қызмет атқару жағдайын жақсарту ҚР ІІМ мен Жамбыл облысының полиция департаментінің ерекше бақылауында.