Жамбыл облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасалады - бизнес-форум
Аймақтың инвестициялық мүмкіндіктерінің таныстырылымын аша отырып, Қ.Бозымбаев облыстың негізгі әлеуеті тиісті даму деңгейіне қол жеткізген базалық салалардың болуы ғана емес, бизнестің жаңа түрін игеруге және облыс экономикасының ілгерішіл құрылымын қалыптастыратын әртүрлі ресурстардың молдығында, деп атап көрсетті.
«Нақ осы әлеует аймақты әріптестер мен инвесторлар үшін тартымды етеді», деп атап өтті ол.
Аймақ басшысы бизнесті сауатты жүргізудің маңызын атап өтті. «Сондықтан да облыс әкімшілігі инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар туғызуға ұмтылуда», - деп сендірді Қ.Бозымбаев.
Жамбыл облысында «ЕвроХим», Siemens, GeneralElectric, Robert Bosch, Caterpillar, қазфосфат, ҚазТрансГаз, Группа Е4, Megagroup, Salmet және басқа да халықаралық және қазақстандық танымал компаниялар жұмыс істейді, олар жергілікті кәсіпкерлікке қызығушылық танытуда.
Әкім «Батыс-Еуропа-Батыс Қытай» автомагистралі және батыстан оңтүстікке газ құбырын тарту құрылыстарын жүзеге асыру жаңа өндірістерді дамыту мүмкіндіктерін елеулі ұлғайта түсетінін атап өтті. Ол форумның 600-ден астам қатысушысын Жамбыл облысында экономикалық өсу орталығының жасампаздары болуға шақырып, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауындағы «Өңірлік даму реформаларынсыз біз жедел әртараптандыруға қол жеткізе алмаймыз. Сондықтан бізге экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыруды бастау қажет», - деген сөздерін келтірді.
Форум жұмысына дипломатиялық миссиялардың, халықаралық ұйымдардың, шетелдік компаниялардың, орталық атқарушы органдардың, облыс әкімдіктерінің, ұлттық компаниялардың, ірі және орта бизнестің, қоғамдық ұйымдар мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.