Жамбыл облысында Қазақстан-Ресей бірлескен оқу-жаттығуына дайындық өтті
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 20 қыркүйегі күні «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қазақстандық таулы-егерлік бөлімшесі мен Ресей Қарулы Күштерінің 55-ші тау мотоатқыштар бригадасының роталық-тактикалық тобының бірлескен арнайы оқу-жаттығуы өтеді. Бүгінде оған дайындық шаралары белсенді ұйымдастырылуда. Бұл шара еліміздің шығысындағы «Шығыс-2019» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында қолға алынған.
Оқу-жаттығудың дайындық кезеңі Қазақстан-Ресей бірлескен бөлімшелерін жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіруге сигнал берумен басталды. Ол бойынша бөлімшеге бір жерден екінші жерге қозғалу қажет болатын. Осы мақсатта, әскери техника колоннасы «Теріс-Ащыбұлақ» полигонында шоғырланып, ашық далада түнеп, «Айша бибі» полигонына аттанды. Қойылған міндеттерді сапалы және толыққанды орындау үшін офицерлер мен әскери қызметшілер өздерінің барлық кәсіби мүмкіндіктері мен қабілеттерін, сондай-ақ жауынгерлік даярлықтың жоғары деңгейін көрсетуге тырысты. Бұл туралы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал – майор Қайдар Қарақұлов айтып берді.