Жамбыл облысында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері басшылық құрамының жиыны өтуде

АЛМАТЫ. Маусымның 22-сі. ҚазАқпарат /Данияр Сиқымбаев/ - Жамбыл облысы Гвардия гарнизонының құрылымдары мен әскери бөлімдері базасында маусымның 21-24-і аралығында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері басшылық құрамымен оқу-әдістемелік жиынын өткізуде. Жиынға қатысушылардың құрамына Қарулы Күштер әскер түрлерінің Бас қолбасшылары, Өңірлік әскерлер қолбасшылықтарының қолбасшылары, әскери құрамалар командирлері мен олардың орынбасарлары, сержанттық корпустың өкілдері және әскери ведомствоның құрылымдық бөлімдерінің басшылары енгізілді.

Бұл жиында Қазақстан армиясының әскер басшылары ату және дене даярлығы, әскери машиналарды жүргізу, жетекші құжаттарды білуі бойынша практикалық емтихан, психологиялық тестілер тапсырып, командалық-штабтық әскери ойындарға қатысады.

Сонымен қатар, басшылық құрамға лекциялар оқылып, оқу-жаттығу алаңында батальондық-тактикалық көрсетілім оқу-жаттығулары және жауынгерлік машиналар паркінде парктік-шаруашылық жұмыстары көрсетіледі.

Сынақтарды қабылдауға және лекциялық сабақтарды жүргізуге арнайы топ құрылған. Оның құрамына Қорғаныс министрлігі және Штабтар бастықтары комитетінің түрлі құрылымдық бөлімдерінің өкілдері енді.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің басшылық құрамымен өткізілетін жиын төрт күнге созылады. Соңғы күні қорытынды шығарылып, сынақтар, практикалық сабақтар және тестілер нәтижелері жарияланады.

«Басшылық құрам офицерлерінің кәсіптік деңгейін анықтау - өткізілгелі отырған жиын мақсаттарының бірі ғана. Басты мақсат: әскери басқарма органдарының күнделікті жұмысында жедел және жауынгерлік даярлықта жетекшілік жасау бойынша бірыңғай әдістемені жетілдіру. Сондай-ақ жиын барысында офицерлердің алған білімі әскерлердің жедел және жауынгерлік даярлықтың алдыңғы қатарлы тәжірибелерін енгізуге көмектеседі» - дейді ҚР ҚМ Штабтар бастықтары комитетінің төрағасы генерал-полковник Сәкен Жасұзақов.