Жамбыл облысында қызғалдақтар ерте гүлдеді

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының оңтүстігінде қызғалдақтар ерте гүлдей бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақпан айының ортасына дейін Жамбыл облысында салыстырмалы түрде ауа райы жылы болып, 19 грдаусқа дейін жетті. Ал наурыз айында күрт суытып, түнде ауа температурасы 0, 1 грдаусты көрсетті. 6,7 наурыз күндері Таразда және оның маңында қар жауды.

Көпжылдық бақылау көрсеткендей, Таразда, әдетте, 8 наурыз — Халықаралық әйелдер мерекесінде ауа температурасы төмендеп, жауын-шашын (жаңбыр, қар) түседі.

Ал Жуалы ауданы Қаратау тауларында алғашқы қызғалдақтар гүлдей бастады.

Өз өлкесінің жабайы табиғатындағы өсімдіктер мен жануарлар әлемін суретке түсірумен және орнитологиясымен айналысатын Жуалы ауданы Ертай ауылының тұрғыны Мәлік Нүкіспеков Facebook-тегі парақшасында осы жылғы алғашқы қызғалдақтардың суретін жариялады.

«Жуалы аңғарында және жалпы Қазақстанның оңтүстігінде қызғалдақтардың гүлдеуі алғашқы көктемгі қызғалдақтардың бірі - тікаяқты қызғалдақтардан (Tulipa orthopoda) басталды, - деді Мәлік Нүкүспеков ҚазАқпарат тілшісіне. – Бұл – Қазақстанның эндемигі, аталған түр тек Сырдария Қаратау, Кіші Қаратауда кездеседі. Сурет 6 наурызда түсірілген. Тауларда жазыққа қарағанда қашан да суық болады, осындай ауа райына қарамастан, қызғалдақтар ерте гүлдей бастады. Гүлдерін ашуға толығымен дайын. Әрине, гүлдеу үшін бұл уақыт өте ерте. Мұндай қызғалдақтар төменгі таудың сазды және тасты баурайларында наурыз айының соңғы аптасында – сәуір айында гүлдейді».

Бұл қызғалдақ түрі Жамбыл облысы Жуалы ауданы Берқара ботаникалық қорығында ішінара қорғалады.

Табиғат әуесқойының айтуынша, биыл олар Жамбыл облысы бойынша сирек кездесетін қызғалдақ түрлерін іздеуге арналған көктемгі экспедициялар жоспарлаған.