Жамбыл облысында қызметкерлерге 740 млн теңге жалақы қарызы өтелді

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Өңірде прокуратураның араласуымен жыл басынан бастап 740 млн теңгеден астам көлемде 11 711 қызметкерге жалақы қарызы төленді.

Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне Жамбыл облысы прокуратурасының 1-ші басқармасының аға прокуроры Абырой Азаматов айтты.

 «Еңбек заңнамасын бұзғаны үшін 138 тұлға жауапкершілікке тартылды, - деп түсіндірді қадағалау органының өкілі. - Сондай-ақ уәкілетті органға қарызды өндіріп алу, жауапкершілікке тарту бойынша шешім қабылдау үшін 44 ұсыным енгізілді, ол бойынша тиісті шаралар қабылданды».

Сонымен, «Талас Инвестмент Компани» ЖШС-да 15,8 млн теңге сомасында 380 қызметкерінің алдындағы  2016 жылғы шілдедегі берешегі өтелді. Сондай-ақ «Амангелді  МӨЗ» ЖШС-ның Тараздағы филиалында 30 миллион теңгеден астам сомасында жалақы бойынша қарызы өтелді. 385 қызметкердің құқығы қалпына келтірілді.

Тұтастай, бүгінде Жамбыл облысының аумағында еңбек саласында әлеуметтік-экономикалық жағдай тұрақты күйде қалуда, деп хабарлады облыстық прокуратурадан.