Жамбыл облысы Шайқорық ауылының 37 жастағы тұрғыны бұған дейін көлікті мас күйінде басқарғаны үшін сот шешімімен жүргізуші куәлігінен айырылған болатын. Соған қарамастан ішімдік ішіп, «Ауди-80» автокөлігінің руліне қайта отырған ол, 20 жастағы велосипедшіні мерт қылды.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан велосипедші алған дене жарақаттарынан оқиға орнында қаза болды.
«Аталған дерек бойынша Жамбыл ауданының полиция бөлімімен ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы 5-бөлігімен (көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік мас күйіндегі адамның көлік құралын басқаруы) сотқа дейінгі тергеу өндірісі басталды. Көлік құралының жүргізушісі сол күні ұсталып, қамауға алынды», - деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша қажетті тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, тиісті сот сараптамалары тағайындалды.
Бұл дерек бойынша белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7-9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген.