Жамбыл облысында он алты жасар жасөспірім от құшағынан үш баланы алып шықты

АСТАНА. Қазанның 8-і. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында он алты жасар жасөспірім өрттен үш баланы құтқарды. Бұл туралы Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінен хабарлады.

Оқиға қазанның 5-і күні Жамбыл ауданының Түрксіб ауылында орын алды. Өрт мал ұстайтын базаның тұрғын жай ретінде қолданылған ғимаратында және шөп сарайында болды.

Тараз қаласының өрт сөндірушілері тілсіз жаумен бес сағатқа жуық күресті. Жалынның шарпыған жалпы аумағы 900 шаршы метрді құрады. Сондай-ақ өрт салдарынан 5000 тең (82 тонна) шөп күлге айналды.

ТЖМ-нан мәлім еткендей, мал базасында үш отбасы тұрған. Бұл күні бір жанұяның бір, үш және алты жастағы 3 баласы үйде жалғыз қалған. Есігі сыртынан құлыпталған үйден шыққан өртті бірінші болып көршісі, теміржол колледжінің студенті Нұрсұлтан Жүнісов көрген. Ол отқа оранған үйдің ішінен алдымен екі баланы, кейін қайта оралып, түпкі бөлмеде болған үшінші баланы алып шыққан.

Алдын ала болжам бойынша, төтенше жағдай балалардың отпен ойнауы салдарынан болған.