Жамбыл облысында өрт жағдайлары 35 пайызға көбейді

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында өрт оқиғалары өткен жылға қарағанда 35 пайызға артқан. Өрттің басым бөлігі Шу мен Жамбыл аудандарында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, өрт жағдайларының дені электр техникаларының күйіп кетуінен болған. Сондай-ақ биыл шілде айына дейін 460 адам өрттен құтқарылып, алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Ал 8 адам жарақат алып, 11 адам қаза тапқан.

Айта кетейік, аймақта жалпы саны 25 өрт сөндіру бекеті бар. Мұнда күн сайын 130 құтқарушы мен 30 автокөлік жұмыс істейді.

Бұған дейін Жамбыл облысында бір тәулікте өрттің бірнеше дерегі тіркелгенін

жазған болатынбыз. Т.Рысқұлов ауданы Ақыртөбе ауылындағы тұрғын үйдің ауласында шөп қораны жалын шарпыды. Отты ауыздықтауға 5 өрт сөндіруші-құтқарушы мен 2 техника жұмылдырылып, тілсіз жау 2 сағаттан астам уақытта толығымен сөндірілген. 100 шаршы метр аумаққа жайылған өрттің салдарынан шөпхана мен ондағы 150 түк шөп жанып кеткен.

Сондай-ақ, Жамбыл облысында демалыс аймағы өртеніп жатқанын жазған болатынбыз. Меркі ауданының Меркі ауылынан 14 шақырым қашықтықта орналасқан «Тұран» демалыс аймағы өртке оранды.