Жамбыл облысында шегіртке 63 мың гектар жерге таралды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін селекторлық режімдегі Үкімет отырысында Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев өңірде шегірткенің таралуы жағдайы туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Облыстың жеті ауданы аумағындағы 63 мың гектар алқапта шегірткенің таралуы тіркелді, оның ішінде 82 пайызы үш ауданның аумағында таралған. Қазіргі кезде шегіртке жайылған жерлерді химиялық өңдеу жүріп жатыр. Бүгінде 40 мың гектардан астам аймақ өңделді, жалпы 121 мың гектар жерді қамту жоспарланған»,-деді облыс әкімі.

Оның сөзіне қарағанда, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін облысқа еліміздің жоғары оқу орындарынан, сондай-ақ АҚШ пен Италиядан мамандардың делегациясы келді.

Кәрім Көкірекбаевтың айтуынша, жалпы өңірде эпизоотиялық шараларды өткізу үшін 1 млрд. 300 млн. теңге бөлінді. Облыс аумағында ветеринарлық шараларды 11 коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын жүргізеді. Онда 688 маман қызмет етуде.