Жамбыл облысында су қоймасы жаңбыр суына толып қалды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат -  Жамбыл облысы Жуалы ауданында құтқарушылар дамба арқылы су қоймасына келген суды тоқтатты, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Жамбыл облысы ТЖД баспасөз қызметінде түсіндіргендей, 13 сәуірде Жуалы ауданында «Қоңыртөбе-1» су қоймасы жаңбыр суына толып қалғаны тіркелді. 

 «Қысқа мерзімде ағын су қаупінің алды алынды. 650 қаппен бекітілді. Қазір су деңгейі 80 сантиметрге түсті», - деді ведомстводан.

Қауіпті жоюға аудандық ТЖБ, әкімдіктен, жедел құтқару жасағынан 76 адам, 8 бірлік техника жұмылдырылды.

Жамбыл облысында су тасқынына қарсы шаралар аясында гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру, өзен жағаларын нығайту, құрылыстарды визуалды тексеру жүргізілуде. Су қоймаларында күнделікті кезекшілік ұйымдастырылып, су тасқынына қарсы штабтар, жедел топ құрылды, 48 бірлік арнайы техника әзірлікке келтірілді.

«Қазгидромет» РМК 14 сәуірде жауын-шашын салдарынан Жамбыл облысында таудың төменгі жағындағы өзенде су тасуы мүмкін екенін ескертеді.