Жамбыл облысында суға батып кеткен баланы іздеу жүріп жатыр
20:07, 17 Шілде 2017
ТАРАЗ. Қазақпарат - Жамбыл облысында шомылу маусымынан бастап суға кетіп, қайтыс болған 15 факті тіркелді, деп хабарлады өңірдің ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Қордай ауылы маңында 16 шілдеде 16.10-нан бастап «Сол жақ саға» арнасынан 11 жастағы баланы іздеу жүріп жатыр. Ол шомылып жүріп, 15.55-те батып кеткен, - дейді ТЖД баспасөз қызметінен. - Қордай ауданы ТЖБ, Жедел құтқару жасағынан, жергілікті атқарушы орган және АІІБ-ден 13 адам 8 бірлік техника жұмылдырылды».
Бірінші күні еш нәтиже болмады, 17 шілдеде іздеу жалғасты.
Баспасөз қызметі 1 шілдеден бастап өңірде 15 адам қаза тапқаны тіркелгенін еске салды. Оның 9-ы балалар. Құтқарушылар бір апта бұрын Рысқұлов ауданында Юбилейный ауылы маңында жасанды су қоймасынан балық аулап жүріп батып кеткен 49 жастағы ер адамның денесін алып шықты.