Жамбыл облысында жыл басынан бері 18 адам суға кетіп ажал құшты

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында жыл басынан бері су айдындарында 16 қайғылы оқиға орын алып, салдарынан 18 адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ал, өткен жылы 24 адам суға батып кеткен.

Жамбыл облысы ТЖД бастығы Ермек Момбаевтың айтуынша, биыл суға ағып кеткендердің 9-ы бала болған.

Сондай қайғылы оқиғалардың бірі осы жылдың 28 қарашасында орын алды. Байзақ ауданындағы Үлгілі ауылы маңында 9 және 6 жастағы екі бала суармалы каналда ойнап жүріп, мұз астына түсіп кеткен.

Департамент басшысы қыс мезгіліндегі мұздағы қауіпсіздіктің алдын алу мақсатында ағымдағы жылдың қазан айынан бастап 86 рейд пен патрульдеу жүргізілгенін жеткізді. Онын барысында 3000-нан аса әуесқой балықшыларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жадынамалар таратылған.

«Облыс тұрғындарына қыс мезгілде су айдындардағы қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы 68 мақала жарық көрді, оның ішінде телеарналарда 3 шығарылым ұйымдастырылды. Баспа басылымдарда - 16, радиода -5, дауыс күшейткіш құралдары арқылы - 31, интернет ресурстарға -13 ақпараттық анықтамалар жолданды. Облыстың білім беру ұйымдарында «ZOOM» платформасы арқылы онлайн режимінде 15

сабақ өткізіліп, онда 1 566 оқушы мен 500 жуық мұғалім қамтылды. Сонымен қатар, су шаруашылығы иелерімен 1 брифинг және 2 дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды»,- дейді Ермек Момбаев.