Жамбыл облысындағы 266 мешітте Құрбан айт намазы оқылады

None
ТАРАЗ. 15 қазан. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 266 мешітте Құрбан айт намазы оқылады.

Бүгін мұсылмандардың ұлық мерекелерінің бірі - Құрбан айт мейрамы басталды. Үш күнге созылатын мейрам жыл сайын хижра - мұсылман күнтізбесі бойынша Зүлхижа айының оныншы жұлдызында (Арафа күнінен кейін) және Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен кейін басталады.
Тараз орталық мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаевтың айтуынша, биыл Меккеге 4400-ге жуық қазақстандық аттанған екен.
«Өткен жылы қажылық сапарға елімізден 5500-ге тарта отандасымыз барған болатын. Алайда қазіргі таңда Қасиетті Қағба орналасқан Сауд Арабиясындағы Масджид әл-Харам мешітінде қайта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Соған байланысты ел үкіметі сапарлаушылар санын қысқарту жөнінде өтініш білдіріп, барлығына хат жолдаған болатын. Есесіне болашақта Сауд Арабиясы бүгінгі төрт миллионның орнына 12 миллион адамды қабылдай алатын болады».