Жамбыл облысындағы аймақтық ішкі өнім өсімінің жоғары қарқыны экономиканың негізгі салаларын дамыту есебінен қамтамасыз етілген - Қ. Бозымбаев

None
ТАРАЗ. 21 қазан. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы экономикасында соңғы жылдары белгілі бір алға жылжу байқалады, деп мәлімдеді өңір әкімі Қанат Бозымбаев.

«Өзгерістер экономиканы үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру шеңберінде жаңа өндірістік қуаттарды енгізу және жұмыс істейтін кәсіпорындарды жаңғыртудың арқасында жүзеге асты», - деп баса айтты Қ. Бозымбаев.

Үш жыл ішінде аймақтағы өнеркәсіптік өндіріс көлемінің өсімі 44 пайызды, соның ішінде өңдеу өнеркәсібінде - 46 пайызды құрады. Ағымдағы жылдың сегіз айында өнеркәсіп тағы да 7,6 пайызға өсті. Өсім өнеркәсіптің барлық негізгі салаларында қамтамасыз етілген, соның ішінде өңдеу саласында - 6,1 пайыз.

«Облыстағы аймақтық ішкі өнім (АІӨ) өсімінің жоғары қарқыны экономиканың негізгі салаларын: өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, көлік және байланыс салаларын дамыту есебінен қамтамасыз етілген, - деді Қ. Бозымбаев. - 2012 жылға арналған әлеуметтік - экономикалық даму қарқыны бойынша рейтингіде біздің облысымыз республиканың басқа аймақтары арасында бірінші орынды иеленді. Үш жыл ішінде Жамбыл облысының ІАӨ 33 пайызға өсіп, рекордтық көрсеткіш - 764 млрд. теңгеге дейін жетті».

ҮИИД бағдарламасы шеңберінде аймақта 546 млрд. теңгеден астам сомаға 38 инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның құрылысы кезеңінде жеті мыңға тарта және пайдалануға беру кезеңінде жеті мың жұмыс орны құрылады. Бүгінгі таңда 29 кәсіпорын пайдалануға берілді, төрт мыңнан астам жұмыс орны құрылды, соның ішінде 2013 жылы сегіз жоба жүзеге асырылды, 21 млрд. теңге инвестиция көлемі тартылып, 600-ден астам жұмыс орны құрылды. Бұл заманауи жоғары технологиялық өндіріс нысандары - Мыңарал цемент зауыты, Ақбақай алтын өңдеу фабрикасы, Тараз құбыр зауыты, «SUPER PHARM» медициналық бұйымдарды өндіру зауыты, Тұрар Рысқұлов ауданындағы 30 мың бас сиырға арналған мал жемдейтін кешен және басқалар.

Қазақстанда индустрияландыру бағдарламасын іске асыру басталғаннан бері өңдеу саласындағы еңбек өнімділігі бір адамға 62 мың долларға өсті.