Жамбыл облысындағы «Айша бибі» полигонында оқ-дәрілер жойылуда

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желілерде бірнеше күннен бері Тараз тұрғындары қайта-қайта естіліп жатқан жарылыс үніне алаңдаушылық білдіруде, тіпті үйлердің қабырғалары да қозғалатын жағдайлар болған, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығындағылардың айтуынша, алаңдауға еш себеп жоқ. Облыс орталығынан 20 шақырымдағы «Айша бибі» оқу-жаттығу полигонында жару жұмыстары жүріп жатыр, оқ-дәрілер жойылуда», - деп хабарлады «Оңтүстік» ӨҚ баспасөз қызметінің басшысы Дина Мухаринова.

Оның айтуынша, бүгінде оқу орталығы саналатын полигонда қарудың әр түрінен түрлі атыс ұйымдастырылады. Бұл ретте алаңда оқ-дәрілер қалып қояды. Арнайы полигон командасы атыс аяқталғаннан кейін алаңды тазалайды, снарядтар табылған жағдайда оларды жинап, жоспарлы түрде жояды.

«Бұл жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Соңғы күндері жел бағыты өзгерді, сондықтан да қалалықтарға сезіліп жатыр, таяуда бұл жұмыстар аяқталады», - деп түсіндірді Дина Мухаринова.

«Оңтүстік» ӨҚ қолбасшылығында полигон командасы тәулік бойы жауынгерлік кезекшілікте аумақты күзететінін айтты.