Жамбыл облысындағы фосфор зауытында өрт шықты

ТАРАЗ. 6 маусым. ҚазАқпарат - Жамбыл облысындағы «Қазфосфат» ЖШС-ға тиесілі зауыттардың бірі отқа оранып, жалынды ауыздықтау жұмыстары екі сағатқа созылды.

«Жамбыл ауданындағы Жаңа Жамбыл фосфор зауытының («Қазфосфат» ЖШС)» аумағында қуаттылығы 220 вольттық басты төмендетілген қосалқы стансадағы қуаттылығы 63 мың кВА Т-1 және Т-2 бас трансформаторлары өртенді, сондай-ақ қорғау-реттеу құрылғысы (ЗРУ-10) орналасқан ғимарат та отқа оранды», - деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.

Тілсіз жау 120 шаршы метр аумақты жайпады. Жалынды ауыздықтауға Тараздағы үш өрт сөндіру бөлімінен 8 автоцистерна тартылды.

Алдын ала болжамға сәйкес, өрттің шығуына сымдардың тұйықталуы себеп болған.Келтірілген материалдық залалдың көлемі есептелуде.