Жамбыл облысындағы оқ-дәрілер басқа қоймаларға көшіріледі
«Тұтас бағдарлама қабылданып, осы бағытта құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыспен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі айналысып отыр», - деді Д. Тұяқов Мәжілісте тілшілер сауалында жауап беру кезінде.
Оның сөзіне қарағанда, оқ-дәріні шығару үшін арнайы дайындалған орындар жасақталған.
«Ондағы оқ-дәрілердің барлығы түрлі қоймаларға жеткізіледі. Мысалы, Аягөзге немесе басқа да бірнеше қоймаға тасымалданбақ. Нақты қайда, қанша жеткізілгенін айта алмаймын. Жалпы, тиісті жұмыстар жалғасып жатыр», - деді ол.
«Үкіметтік комиссия жұмыс істейді, оған вице-премьер жетекшілік етіп отыр. Осы комиссия аясында кешенді жұмыстар атқарылады. Жаңа қоймалар салынып, аталған оқ-дәрі сол орындарға шығарылады», - деді Дарын Тұяқов.
Еске сала кетсек, 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданынындағы Қайнар ауылының жанында орналасқан әскери бөлімдегі қоймалардың бірінің жанында әуелі өрт басталып, одан кейін бірнеше жарылыс болған. Жамбыл облысындағы жарылыстан 17 адам қаза болған еді.