Жамбыл облыстық ТЖД баспасөз қызметі түсіндіріп бергендей, Үшарал ауылдық округіндегі жергілікті маңызы бар Ақкөл-Үшарал автомобиль жолында магистральдік құбырды салу кезінде жол төсемін Аса өзенінің суы шайып кету қаупі төнген еді.
«Жергілікті атқарушы органдардың көмегімен бір күн бойы жолдың жиегіне топырақ тасталып, кешке қарай жұмыстар толықтай аяқталды. 20 адам мен 3 техника жұмылдырылды», - деді ведомствода.
«Қазір жолдағы қозғалыс қалпына келтірілді. Жергілікті атқарушы органдар тәулік бойы кезекшілік етіп, ұдайы бақылауда ұстауда», - деп түсіндірді Жамбыл облыстық ТЖД бастығы Бағдат Данилов.
Жамбыл облысында су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында халықты ақпараттандыру, гидротехникалық құрылғыларды қалпына келтіру, өзеннің жағалық жиегін нығайту, гидротехникалық жабдықтардың жағдайын тексеру жұмыстары жүргізілуде. Су қоймаларында кезекшілік қойылып, мобильді жедел топ құрылды.