«Жамбыл облысында әскери бөлімдегі қоймадан шыққан өртті жою жұмыстары жалғасып жатыр. Өрттің бір бөлігі сөндірілді. Оқиға орнынан Қорғаныс министрінің басшылығымен комиссия жіберілді», - делінген ҚР Қорғаныс министрлігі ресми таратқан ақпаратта.
Естеріңізге сала кетсек, бүгін сағат шамамен 19:00-де Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шықты. Өрт салдарынан белгісіз заттың жарылысы орын алды.
ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Руслан Шпекбаевтың атап өтуінше, әскери бөлімге таяу маңдағы үйлердің тұрғындарын эвакуациялау туралы шешім қабылданған.